Ағымдағы жылдың 19 қыркүйек күні Маңғыстау облысының білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша білім бөліміне қарасты «Кешкі (ауысымды)мектеп» КММ-сінде «Адал азамат тәрбиелеудегі жауапты ата-ана, қолдаушы ұстаз жіне қауіпсіз мектеп» тақырыбында мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыстың басты мақсаты – жас ұрпақты адамгершілік пен адалдыққа тәрбиелеуде ата-ана, мұғалім мен мектептің бірлескен жауапкершілігін айқындау. Оқушылар үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру.
Ата-аналар жиналысына келген ата-аналарды мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілері жаңа піскен ыстық бауырсақ пен шұбат ұсынып, қарсы алды. Жиналыс мектеп психологы Айдана Александрованың «Биылғы оқу жылындағы алғашқы кездесу» тақырыбындағы арнайы дайындаған ата-аналарға арналған психологиялық тренингімен басталды. Ата-аналар көптеген қызықты сұрақтарға жауап беріп, балаларының ең жақсы қасиеттерін еске алып, қуанып қалды. Жиналысты мектеп директоры Р.Ж.Атрауова ашып, ата-аналарды 2025–2026 оқу жылының басталуымен құттықтап, оқушы қауіпсіздігі үшін жасалынып жатқан жұмыстармен таныстырды.Жалпы мектеп ахуалы туралы тоқталып,ата-аналарды бірлесе жұмыстануға шақырды. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Жүзтаева ата-аналарға биылғы оқу жылының ерекшеліктері туралы, ҰБТ-ға дайындалу барысындағы кездесетін кейбір жағдайлар туралы түсіндіріп өтті. Одан әрі тәрбие жұмысындағы өзгерістер, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы туралы тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасар А.Раимбердиева түсіндіре отырып, ата-аналарды ынтымақтаса жұмыстануға шақырып, өздерінің тарапынан да ынталы ұсыныстарды күтетінін жеткізді. Одан әрі Ақтау қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Тұрлан Құбаев қоғамдық орын мен көшедегі тәртіп туралы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігін кеңінен түсіндірді. Жиналыс соңында ата-аналардың ұсынысымен мектепішілік ата-аналар комитетінің төрағасы болып ата-ана Тамбетова Асел сайланды.


